Қазақ әдебиеті және қазақ тілі пәндерінен тәлім алушы ретінде
өткізген сабақтар бойынша рефлексивтік есеп
Әр сабағымды өткізбес бұрын тәлімгер Газизова Р.М. дайындық жұмыстары барысында SMART талаптарына сай мақсат қойдық.
«Блум таксономиясына» негізделген 10 «А» «Махамбет өлеңдеріндегі романтикалық сарын» сабағында өзім оқып- үйренген әдіс- тәсілдерді, үйренген модуль түрлерін тиімді пайдалануға тырыстым. Сыныпты сабаққа психологиялық дайындау мақсатында оқушыларды түгендеп, олардың зейінін сабаққа аудардым. Осыдан соң қағаз қиындыларына сандар жазып алып, оны үлестіріп, жұп сан және тақ сандар бойынша оқушыларды топқа бөлдім және стикер бойынша өздерін-өздері бағалайтынын ескерттім. Топтасып, орындарына жайғасқан соң оларға топ басшысын сайлатқызып, оған өз тобын сабақ барысында бақылап, бағаларын қою үшін бағалау парағын бердім. Бұл әдіс оқушылардың етене араласып кетуіне, сыныпта бірлік пен татуластықтың қалыптасуына септігін тигізді. Сабаққа барлығы 15 оқушы қатысты,осылайша топты ешкімнің қалауынсыз топтастыру өздеріне өте ұнады.
Бұл сабақтың мақсаты өр рухты ақын Махамбет өлеңдері арқылы ой қозғап, оның шығармаларының бүгінгі өмірмен сабақтастығына көз жеткізу және ақын өлеңдерінің құндылығын тану болды. Нәтижесінде оқушылар сыни көзқарастарын білдіріп, зерттеушілік ізденіспен ой толғап, пікір қорғап, түсінгенін өз сөзімен айтып, болжай білді.
Сабақ барысында үй тапсырмасын тексеру мақсатында оқушыларға постерлерді алдарына қойып, сұрақтар тізбегін жасауды тапсырдым. Олар топ болып бірнеше сұрақтар тізді. Осыдан соң қарсы топпен постерлерін алмастырып , қарсы топтың сұрақтарының тұсына бірлесе отырып жауап жазды да, өзара ақылдаса отырып кезектесіп жауаптарын ортаға салды.Содан кейін стикерге осы атқарған жұмыстары бойынша әрқайсы баға беріп, оны постерге жапсырып, постерді кері қайтарды. Осы жұмыс нәтижесінде оқушылар қорытынды жасауға, өздерін бағалауға, өзін-өзі реттеуге үйренді және кері байланыс жасады.
Одан әрі білу кезеңінде «Миға шабуыл» әдісін негізге алып, екі топқа ортақ «Махамбет өлеңдерінің құдылығы неде деп ойлайсыңдар?» деген жоғары деңгейдегі сауал қойдым. Оқушылар өзара ақылдасып, өз жауаптарын ұсынды.Осылайша, олар өз пікірлерін білдіре алды, нәтижесінде сабақтың тақырыбы анықталды.
Ал түсіну кезеңінде мәтін пайдаланылды. Әр топқа Махамбет өлеңдері, «Ереуіл атқа ер салмай» және «Мінкен ер» өлеңдері берілді және бақылау күнделігі үлестірілді. Оқушылар әуелі өлеңді сыныптағы барлық оқушылар еститіндей мәнерлеп, дауыстап оқыды және қысқаша пікірлесті. Бұл әрекетте балалар есту жадыларын дамытты және тыңдау әдебіне жаттықты. Осыдан соң бақылау күнделігі бойынша зерттеу жүргізу барысында «Көркемдеуіш тәсілдер шығарма идеясын ашуға қалай ісер етеді?» деген жоғары деңгейдегі сұрақты негізге ала отырып, өлең жолдарынан көркемдеуіш тәсілдерді тауып, оны постерге түсіріп, бірлесіп қорғады. Бұл тұста оқушылар диалогтық оқыту арқылы бір-бірін оқытты, ойларын топта ортаға салып, бірінің түсінбегенін бірінен естіп,топ ішінде диалогқа түсу арқылы зерттеу жұмысын жүргізді. Бір-бірінің идеяларын талқылап, баға берді. Оқушылар бұл кезеңде де өз ойларын айтып, болжамдар ұсынып, пікірлерін дәлелдеп,зерттеушілік әңгіме арқылы талқылады.
Ал қолдану кезеңінде оқушылар тағы да постермен жұмыс жасады. Ақын шығармашылығына толық шолу жасай отырып, талдау жасау тапсырылды. Бұл тұста әр топ өздігінше логикалық модульдеу жасады. Яғни, «Ақынға қатысты мәселелер толық қамтылды ма?» сұрағы төңірегінде жұмыспен шұғылданды. Өмірінің белгісіз тұстарына да тоқталуға мүмкіндік болды. Тарих сабағымен де, бүгінгі заман әдебиетімен де байланыстыра білді. Оқушылар «мүмкін,егер» деген сөздерді қолданып, өз идеяларын «себебі» деген сөздер арқылы дәлелдеді. Әдебиеттегі бағыт арқылы олар Махамбет ақынның өлеңдерінің заман шындығы екендігін ашып көрсетті. Мысалы, тарихи тұлға екендігін айтумен қатар, сол кезеңдегі тарихи оқиғаларға да назар аударды. Сабақтың осы тұсында да балалар қызығушылықпен жұмыс жасады.Бұл кезеңдегі мақсат - оқушылардың ақынға қатысты тақырыпты толық қамту арқылы заман келбетін ашу болды және осы мақсатқа сабақ үстінде жете алды.
Жинақтау кезеңінде «Махамбет өлеңдерінің мәңгілік екендігіне қандай дәлел айтасыңдар?» деген сұрақ арқылы ой қорытындылады. Оқушылар өзара ақылдасып, дұрыс деп шешкен жауапты ортаға ұсынды. Олар ақын өлеңінің құндылығы қара басының қамы емес, бүтін бір халықтың тағдырын ойлап, қамын жеу –Махамбет өлеңдерінің құндылығы деп ой түйді. Ослайша олар ақын өлеңдеріне талдау жасаумен қатар, тәрбие мәселесіне де назар аудара білді. Стикерға символ жасау арқылы жауап берді. Осы тұста олар ой түйіндеуді жетілдірді.
Ал бағалау кезеңінде әр топтан өздері сайлаған топбасшысына сөз бердім. Олар өз топ мүшелерінің сабаққа қалай қатысқандығын айтып, әрқайсысын жеке бағалады. Сондай-ақ әр топ қарсы топтың постерлерін сын көзімен қарап, «Екі жұлдыз, бір тілек» арқылы бағалады. Бағалаудың бұл түрінде оқушылар қарсы топтың жетістіктерін айтумен қатар, өздері көрген кемшіліктерін де айтты. Мысалы, тақ сан тобындағыларға жұп сан тобындағы оқушылар постерді салғанда әдемілігіне назар аударуларын ұсынды. Бұл тұстан оқушылардың эстетикалық мәдениетке де көңіл бөле білетінін көруге болады.
Үй тапсырмасы ретінде оқушыларға Махамбет ақынның Исатай досына арнаған өлеңін жаттау және іздендіру жұмысы ретінде Махамбет жайлы әдебиет алыптарының пікірін іздестіру тапсырылды.
Жалпы, сабақта алдыма қойған мақсатыма жеттімдеп ойлаймын. Себебі, оқушылар өз ойын еркін жеткізе білді, топтасып жұмыс жасап, бір де бір оқушы сабақ барысында қалыс қалған жоқ және сабаққа ынталы болды.
Уахиева Ж.К.,
Дарынды қыз балаларға арналған
облыстық қазақ-түрік лицей-интернатының
қазақ тілі мен ідебиет пәндерінің мұғалімі